Заңсыз балық аулау деректерін анықтау бойынша рейдтер өткізілуде
Алматы облысының полицейлері Қапшағай су қоймасында заңсыз балық аулау деректерін анықтау бойынша рейдтер жүргізуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2021 жылдың 7 қаңтарында Қапшағай қаласы ПБ табиғатты қорғау полициясы тобының инспекторлары табиғи ресурстарды қорғау бойынша мүдделі органдардың қызметкерлерімен бірге Қапшағай су қоймасында бірлескен рейдтер өткізді.
– Рейд барысында әуесқой балықшылар арасында балық аулау ережелерін қатаң сақтау қажеттілігі, мұзда болу кезіндегі қауіпсіздік техникасы, сондай-ақ әуесқой балық аулауды жүзеге асыру орындарын таза ұстау қажеттілігі туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. 2020 жылы табиғатты қорғау саласы бойынша жеті қылмыстық іс тіркеліп, 68 әкімшілік ұйғарым шығарылғанын атап өткім келеді, – деді Қапшағай қаласы ПБ бастығының орынбасары Рауан Шалбаев.
Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында табиғат қорғау заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілікті қатаңдату жөнінде нұсқау берген болатын.
– Барлық әуесқой балықшыларды балық аулауды жүзеге асыру кезінде мұзда тазалық сақтауға, автокөлік құралдарымен мұзға түспеуге, сондай-ақ өзінен кейін тұрмыстық қалдықтарды қалдырмауға, табиғатқа қамқор болуға шақырамыз, – деп толықтырды ол.