“Заңсыз келуші – 2023” ЖПІШ: Маңғыстауда 600-ден астам құқық бұзушылық тіркелді
Маңғыстауда “Заңсыз келуші – 2023” ЖПІШ аясында 600-ден астам құқық бұзушылық тіркелді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
19-25 маусым аралығында Маңғыстау облысы аумағында республикалық “Заңсыз келуші – 2023” жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Іс-шара мақсаты көші-қон заңдылықтарын бұзған азаматтарды анықтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесуге бағытталған. Аталмыш шара аясында Маңғыстау облысы ПД көші-қон қызметі басқармасы қызметкерлерімен барлығы 662 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.
Атап айтсақ, ҚР ӘҚБтК-тің 517-бабымен (Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы) 518 шетел азаматы жауапкершілікке тартылды. Шетелдіктерді немесе азаматтығы жоқ адамдарды қабылдайтын жеке не заңды тұлғалардың көші-қон заңнамасын бұзуы бойынша 129 Қазақстан азаматына әкімшілік айыппұл салынды.
Сонымен қатар әкімшілік кодекстің 519-бабында көзделген ережелерді елемей, шетелдіктерді заңсыз жұмыс жасауға тартқаны үшін 15 құқық бұзушы анықталып, оларға қатысты тиісті шаралар қабылданды. Бұдан бөлек, заң бұзушыларды ҚР аумағынан тысқары шығару туралы 25 сот үкімі шығарылды.