Көлік полицейлері заңсыз көші-қонға қарсы күресті күшейтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
13–17 қазан аралығында көліктегі полиция департаментінің қызмет көрсету аумағында шетел азаматтарының Қазақстан Республикасының аумағында заңсыз болу фактілерін және заңсыз көші-қон арналарының жолын кесуге бағытталған "Заңсыз келуші - 2025" жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілді.
Бес күн ішінде көлік полицейлері көші-қон заңнамасын бұзған 191 тұлғаны анықтады. Олардың 160-ы шетел азаматтары, соның ішінде 145-і ТМД елдерінен, ал 15-і алыс шетелден келгендер. Сот шешімімен 26 шетел азаматы Қазақстан аумағынан шығарылды.
Мәселен, Шымкент қаласы әуежайы аумағында жүргізілген тексеру кезінде полиция қызметкерлері Өзбекстан Республикасының бес азаматы уәкілетті органның рұқсатынсыз құрылыс нысанында заңсыз жұмыс істеп жүргенін анықтады. Дәл осындай жағдай Атбасар теміржол станциясында да тіркелді — мұнда Түрікменстан Республикасының үш азаматы рұқсатсыз еңбек қызметімен айналысқаны белгілі болды.
Барлық құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
"Заңсыз келуші - 2025" жедел-алдын алу іс-шарасы көлік инфрақұрылымы нысандарында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған кешенді жұмыстың бір бөлігі болып табылады. Мұндай іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп, заңсыз көші-қон деректерін анықтауға және елдегі көші-қон ахуалын тұрақтандыруға ықпал етеді.
Көліктегі полиция департаменті азаматтар мен жұмыс берушілерді Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасын қатаң сақтауға шақырады.
Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері қызмет етіп келеді.