Заңсыз қоян атқан шардаралық 3 браконьер қолға түсті
Түркістан облысында жарықтандырғыш құрылғысын қолдану арқылы заңсыз қоян атып жүргендер ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шардара аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері кезекті браконьерлерді ұстады. Нақтырақ айтсақ, ПБ-не белгісіз біреулер ауылдардың бірінде жайылып жүрген аңдарды заңсыз аулап жүргені жөнінде хабарлама келіп түседі. Оқиға орнына шыққан Шардара АПБ мен «Охотзоопром» қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында үш браконьерді ұстайды. Олардың екеуі жергілікті тұрғын болса, біреуі Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты.
Полицейлердің анықтауынша, күдіктілер өздерінің УАЗ 31512-01 жеке көліктерімен аң аулауға келген. Содан қару көмегімен жабайы қояндарды заңсыз атып алған. Полицейлер айғақты зат ретінде ұсталғандардың көлігінен 10 қоянның етін, аңшы мылтығын, оқ-дәрілер мен қолдан жасалған жарықтандырғыш шамды тауып, тәркілеп алды.
Аталған жайт СДТБТ-не енгізіліп, ҚР ҚК-нің 337-бабы (Заңсыз аңшылық) бойынша тіркелді. Қазіргі таңда іс бойынша күдіктілердің мемлекетке келтірілген материалдық шығындары есептелуде. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Осылайша, Түркістан облысы полицейлері браконьерлікті, биологиялық ресурс обьектілері мен өнімдерінің заңсыз айналымын анықтауға және табиғатты қорғау заңнамасы, заңсыз аң аулау, балық аулау, ағаш кесудің жолын кесуге бағытталған рейд барысында қарқынды жұмыстар жүргізуде. Сондай-ақ тұрғындарға табиғатты қорғау заңнамаларын бұзбау керектігі, бұзған жағдайда қылмыстық, әкімшілік жауапкершіліктерге тартылатындығы туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Алдағы уақытта да, табиғатқа залал келтірушілермен күрес жұмыстары күшейтілмек.