Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Заңсыз сәлемдемелердің жолы кесілді

Жыл басынан бері Атыраудағы тергеу изоляторына заңсыз кіргізбек болған 10-ға жуық сәлемдеменің жолы кесілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Олардың ішінде ұялы телефондар мен қуаттағыштар, есірткі, тіпті ақша да бар. Бұл жөнінде УГ-157/1 мекемесінің бастығы Мейірбек Уразгалиев мәлімдеді.

Мысалы, Қазақстан Республикасы ҚК-нің 190-бабымен (Алаяқтық) ұсталған тергеуге қамалған азаматқа арналған шалбардың қалтасынан 45 мың теңге табылған.

Тергеуге қамалған азаматтарға заңсыз сәлемдеме жеткізу үшін түрлі амалдар ойлап табылады. Мәселен, мекемеде карантин жарияланғанға дейін, қысқа мерзімді кездесуге келген азаматты тексеру кезінде оның іш киімінің ішіне жасырылған марихуана табылды. Сондай-ақ марихуана йогурттің ішінен, қаймақ салынған ыдыстың түбінен, сондай-ақ қуырылған ет пен картоптың арасынан да табылды.

– Жоғарыда аталған барлық құқық бұзушылықтар анықталған кезде Атырау облыстық Полиция департаментінің жедел-тергеу тобы шақырылып, тыйым салынған заттарды мекемеге жеткізуші азаматтар ұсталды. Сондай-ақ мекеме қызметкерлері жүргізген тексеру жұмыстарының нәтижесінде тапсырыс беруші азаматтар анықталып, тиісті шаралар қабылданды, – дейді мекеме бастығы Мейірбек Уразгалиев.

Мекемеге ең көп кіргізбек болатын заттардың бірі – ұялы телефон мен оған арналған қуаттағыш құрылғылар. Ұялы телефондар тіпті ыстық тамақтардың ішінен де табылды.

Айта кету керек, мекемеге әкелінген сәлемдемелердің барлығы жіті тексеріліп, тіпті рентген аппараты арқылы өтеді. Сол себепті мекеме аумағына заңсыз сәлемдемелердің кіру ықтымалдығы нөлге тең.

– Сәлемдеме қабылдайтын орын толықтай бейнебақылау жүйесімен қамтылып, онда тыйым салынған заттар тізімі жазылған жадынама ілінген, – деп атап өтті Мейірбек Уразгалиев.

Мекеме аумағына тыйым салынған заттарды өткізу фактілерінің жолын кесуге бағытталған іс-шаралар жалғаса бермек.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру