«Заңсыз тасымалдаушы» ЖААШ: Павлодар облысында 850 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды
Павлодар облысында «Заңсыз тасымалдаушы» жедел алдын алу іс-шарасы барысында 850 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz
Өңірде «Заңсыз тасымалдаушы» ЖААШ аясында әкімшілік құқық бұзушылықтың 850 дерегі тіркелді
– Бұл жүргізушілердің еңбек және демалыс режимін сақтамауы, оларды пайдалануға тыйым салынған техникалық ақаулары бар автобустарда жолаушыларды тасымалдау, көлік құралдарының конструкциясына тіркелмеген өзгерістер енгізу және басқа да бұзушылықтар, – деді Павлодар облысы ПД жергілікті полиция қызметінің бастығы Ғалым Сарғұлов.
Жүргізушілер арасында жиі кездесетін бұзушылықтардың бірі – қауіпсіздік белдігін тақпау. Аталған бұзушылық үшін 247 жүргізуші жауапкершілікке тартылды. Ұялы телефонды пайдаланғаны үшін 131 такси және қоғамдық көлік жүргізушісі жазаланды. Көлік құралын техникалық байқаусыз жүргізгені үшін 63 такси жүргізушісі ұсталды. Таксиді рұқсатсыз қайта жабдықтағаны үшін 28 жүргізуші жауапқа тартылды. Апатты жағдай тудырғаны үшін 8 такси жүргізушісі жазаланды. Сонымен қатар, техникалық жағдайы бұзылған автобустарды пайдалануға жол бергені үшін 18 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды.
Спикердің айтуынша, шет мемлекеттің аумағында тіркелген автокөлік құралдарымен жолаушыларды, багажды немесе жүктерді тасымалдау үшін көліктік бақылау инспекциясына бір материал берілді, онда жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 575-бабы бойынша шаралар қабылданады, ол үшін 100 АЕК көлемінде әкімшілік айыппұл қарастырылған.
Сонымен қатар, патрульдік полиция қызметкерлері заңсыз такси жүргізушілерінің 4 фактісін анықтады. Мысалы, 29 шілдеде сағат 14:30 шамасында Ақсу қаласында құрылысшылар көшесінде LADA 21120 көлік құралын тиісті құжаттарсыз басқарған, яғни жолаушыларды тасымалдау шартынсыз жолаушылар тасымалдаумен айналысқан 41 жастағы жүргізуші ұсталды. Тәртіп бұзушы ҚР ӘҚБтК-нің 463-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды.
Айыппұл тұрағына 36 көлік құралы қойылып, 54 мемлекеттік нөмір алынды. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасуда.
– Заңсыз автобус жолаушысы бола отырып, сіз өз өміріңіз бен денсаулығыңызға қауіп төндіресіз. Заңсыз тасымалдаушы көлік құралын техникалық бақылауды жүзеге асырмайды, жөндеу мен қауіпсіздікті үнемдейді, рейс алдындағы медициналық тексеруден өтпейді. Жүргізушінің еңбек және демалыс режимі бақыланбайды, -деді Ертіс өңірінің полицейлері.