Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Зерендіде полицейлер адасқан қарт жүргізушіге көмек көрсетті

Зерендіде полицейлер адасқан қарт жүргізушіге көмек көрсетті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

28 шілдеде Зеренді аудандық полиция бөліміне Көкшетау қаласының тұрғыны Иван Пигиннен қоңырау түсті. Ол таңертең көлікпен жолға шыққан әкесі — Петр Пигиннің кешке дейін үйге оралмағанын айтып, іздестіруге көмек сұрады.

Белгілі болғандай, Петр Пигин Красный Яр ауылынан шыққан соң, бағытынан жаңылып, ауылдық жолдардың бірінде адасып қалған. Кенеттен басталған нөсер жаңбыр жағдайды одан сайын қиындатып, көлік балшыққа батып қалған. Айналаны қараңғылық басып, жақын маңда елді мекендер де, бағыт сілтейтін белгілер де болмаған. Қарт кісі ұлына қоңырау шалғанымен, өзінің нақты қай жерде екенін дөп басып айта алмады.

Хабарды алған бойда Зеренді аудандық полиция бөлімінің учаскелік инспекторлары — Саят Нүкенов пен Мерден Кенжегөзин дереу іздестіру жұмыстарына кірісті. Біраз уақыттан соң олар Петр Пигиннің Симферополь мен Доңғылағаш ауылдарының арасындағы дала жолынан тауып, көлігін балшықтан шығарып, үйіне дейін жеткізіп салды.

Полицейлердің жедел әрі кәсіби әрекеттерінің арқасында оқиға сәтті аяқталды. Қуанышқа бөленген Петр Иванович тәртіп сақшыларына көрсеткен көмегі мен мейірімділігі үшін алғысын білдірді.

Айта кету керек, ауылдық жерлерде жолға шығатын азаматтарға бірқатар сақтық шараларын ескерген жөн: сапар бағытын туыстарыңызға алдын ала хабарлау, телефоныңызды толық қуаттап алу және жол жүруде навигациялық жүйелерді пайдалану – осындай қолайсыз жағдайлардың алдын алуға көмектеседі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру