Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жайылымнан мал ұрлаған азамат полицияға жеткізілді

Түркістан облысының полиция қызметкерлері ұрланған ірі қара малдарды тауып, ауыл тұрғынынан алғысын алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Шардара АПБ-не жергілікті тұрғын арызданған. Азаматтың айтуынша, ауыл сыртында жайылып жүрген жерінен екі бұзауын белгісіз біреу ұрлап кеткен. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 100 мың теңге. Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-1-бабы (Мал ұрлығы) бойынша СДТБТ-ға тіркеді.

Тәртіп сақшылары хабар алысымен толық құрамда оқиға орнына жетіп, бірден жедел-іздестіру амалдарына кірісіп кетті. Тәртіп сақшылары жақын маңдағы барлық аумақтар мен жайылымдарды аралап, куәгерлерден жауап алды. Сондай-ақ ауыл тұрғындарының үйін аралап, жоғалған бұзауларға ұқсас малдарды тексеріп шықты. Полиция қызметкерлерінің табанды еңбектерінің нәтижесінде ауыл тұрғынының бірінің үйінен жоғалған екі бұзау табылды. Ол азаматтан жауап алу барысында ірі қара малдарды 60 мың теңгеге сатып алғаны белгілі болды. Осы ауыл тұрғынының сипаттауы бойынша күдіктінің түр-сипаты, тұрғылықты мекен-жайы анықталған.

Жинақталған мәлімет бойынша учаскелік полицей мен жедел уәкілдер екі сағат ішінде күдіктіні үйінен ұстап, полиция бөліміне жеткізді. Полицейлер ұрланған малдарды тәркілеп, заңды иесіне қайтарып берді.

Тергеу барысында анықталғандай күдікті жайылымда жүрген бұзауларды көріп, оңай жолмен ақша тапқысы келген. Содан соң ұрланған малдарды ауылдасына арзан бағаға сатып, ақшасын бас пайдасына жаратып жіберген.

Өз сөзінде жәбірленуші азамат учаскелік полиция қызметкері Жүсіп Сүлейменов және жедел уәкіл Мұхтар Боранбаевқа шынайы ризашылығын білдірді.

Қазіргі таңда күдікті азаматқа қатысты тергеу амалдары жалғасуда. Бас шарасы қолхатта.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру