Жайылымнан қой ұрлаған түркістандық ұсталды
Түркістан облысының полицейлері жайылымнан қой ұрлаған күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Отырар АПБ-ға жергілікті тұрғын арызданып, жайылымнан төрт бас қойын белгісіз біреулер ұрлап кеткенін жеткізеді. Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 188-1-бабы (Мал ұрлығы) бойынша тіркелді.
Полицейлер хабар алысымен бірден орын алған қылмысты ізін суытпай ашуға кірісті.
Күндізгі уақытта жайылымнан малдарды жымқырған ұрыны ұстауға қажетті шаралар жүргізілді. Куәгерлерден жауап алынды. Мал таситын көліктер мен мал базарлары мұқият тексерілді. Полицейлер осындай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде, келіп түскен ақпарат көздері арқылы ұрланған малдарды табады. Содан қойларды сатып кеткен күдіктінің жеке басын анықтап, оны көшелердің бірінен ұстайды. Ол жергілікті тұрғын болып шықты.
Тергеу барысында күдікті, қойшының түскі асқа кеткенін пайдаланып, қараусыз қалған малдардың арасынан төртеуін көлігіне тиеп әкеткені белгілі болды. Содан ұрланған қойларды 15-20 мың теңгеден өзге біреуге сатып жіберген. Ақшасын өз қажеттілігіне жұмсап үлгерген. Тәртіп сақшылары қойларды айғақты зат ретінде тәркілеп алып, заңды иесіне қайтарды. Бүгінде сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктінің бұдан басқа да қылмыстарға қатыстылығы анықталуда. Бас шарасы «қолхатта».
Сондықтан полицейлер облыс тұрғындарына ескертеді: малдарыңызды жайылымдарда қараусыз қалдырмаңыздар. Қора-қопсыны мықтап қоршап, малды жайылымға жіберер кезде сенімді адамға немесе бақташыға тапсырыңыз! Үй жануарларын дер кезінде таңбалап, сырғалаңыз! Ұрының сіздің салғырттығыңызды пайдаланып, малыңызды иемденіп кетуіне мүмкіндік бермеңіз.