Жалға алынған велосипедті сатпақ болған өскемендік ұсталды
Жалға алынған велосипедті сатпақ болған өскемендік ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Өскемен қаласы Полиция басқармасының кезекші бөліміне велосипедтерді жалға беру пунктінің 62 жастағы қызметкері жүгініп, қала тұрғыны велосипедті жалға аламын деп алдап, ұрлап кеткенін хабарлаған.Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Ертіс полиция бөлімінің қызметкерлері 24 жастағы ер адамның дүкенге тиесілі велосипед ұрлағанын анықтады. Өзінің әрекеттерімен қаскөй дүкен иесіне 80 мың теңгеден астам сомада залал келтірген.
Полиция қызметкерлері аталған ер адамды «ізін суытпай» ұстаған. Велосипед иесіне қайтарылды. Ұсталған адамның айтуынша, ол велосипедті сату мақсатында ұрлап кеткен.
Қазіргі уақытта азаматқа қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.