Жалға берілетін пәтерлерді анықтау жалғасуда
Атырауда полиция қызметкерлері тәулікке жалға берілетін пәтерлерді анықтауда, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Облыстық Полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиевтің нұсқауына сәйкес жергілікті полиция қызметінің инспекторлары жалға берілетін пәтерлер мен үйлерде тұратын адамдардың тиісті құжаттарын және тіркелуін тексеру бойынша іс-шаралар жүргізуде.
№2 қалалық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторлары Вокзал маңы ықшам ауданында орналасқан көпқабатты үйлерді аралап, пәтерлерді тексеру барысында салық органдарына тіркелмеген, жалға берілетін бес пәтерді анықтады.
Әдетте тәулікке, сағаттап жалға берілетін пәтерлерді жалға алушылардың түнгі тыныштықты бұзу деректері бойынша жергілікті тұрғындардың тарапынан наразылықтар көп туындайды.
Сондай деректің бірі – СМП ықшам ауданында орналасқан көпқабатты үйлердің бірінде орын алды. Осындағы пәтерлердің бірінде тұратын 33 жастағы азаматтан түн ішінде көршілерінің тыныштықты бұзғаны туралы полицияға хабарлама келіп түскен. Тексеру барысында пәтерді тәуліктік жалға алған төрт азаматша анықталды.
Оларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 437-бабымен (Тыныштықты бұзу) әкімшілік хаттама толтырылып, әрқайсысына бес айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды.
Жыл басынан бері облыс орталығында учаскелік полиция инспекторлары жалға берілетін 1800 жуық пәтерді тексеру барысында салық органдарына тіркелмеген 500-ден астам пәтерді заңсыз жалға беру дерегін анықтап, пәтер иелеріне қатысты жинақталған құжаттар Мемлекеттік кірістер департаментіне жолданды.
Сондай-ақ тыныштықты бұзған 1500 астам тұлғаға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 437-бабымен әкімшілік хаттамалар толтырылды.