Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жалған ақпарат таратушылармен күрес жүріп жатыр

Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер жалған ақпарат таратушылармен күрес жүргізіп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.

​Өңірде өткен бір тәулік ішінде елдегі эпидемиологиялық ахуалға қатысты жалған ақпарат таратқан екі адам анықталды.  

Соның бірі Тайынша ауданында тіркелді. «Бұл – қауіпті індет жұқтырған адам» деп аудан тұрғынының жеке басына қатысты мәліметтер мен тұрғылықты жерін көрсетіп сөйлеген аудио хабарламаның авторы көп ұзамай белгілі болды. Хабарламада әйел солтүстікқазақстандықтың диагнозы расталғанын және сол бойынша комиссияның жұмыс істеп жатқанын айтады. 39 жастағы тайыншалық тұрғын өз дауысын «WhatsApp» мессенджері арқылы оннан астам адамы бар достар тобына жіберген. Топтағылар жалған ақпаратты әрі қарай өз чаттарына таратып жіберген. Сөйтіп жалған ақпарат бір күн ішінде ауданның жүздеген тұрғынына жетіп, жергілікті тұрғындар арасында үрей тудырды. Сол себепті іске тәртіп сақшылары араласып, таратушыны анықтады.

Қазір осы дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабы 4-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Әйел жерлестерінен кешірім сұрады.

 

Петропавлда полицейлер коронавируспен ауырған екі адам туралы және алдағы уақытта облыс орталығының карантинге жабылатыны жайында отбасылық чатқа хабарлама жіберген облыс орталығының тұрғынын анықтады. Ол хабарламаны чаттың өзге қатысушылары өз таныстарына жіберіп қойған. Мамлют ауданында да полицейлер жергілікті пабликтерге мониторинг жүргізу кезінде аудан орталығында анықталған індет туралы жалған комментарий орналастырған азаматты анықтады.

ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабымен жалған ақпарат таратқаны үшін бас бостандығынан айыруға дейін жауапкершілік көзделген. Егер бұл төтенше жағдай кезінде орын алса, онда үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру түрінде жаза қолданылады.

«Халық арасында дүрбелең туғызатын жалған ақпараттар таралып кетпесі үшін тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осындай фактілер әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге мониторинг жүргізу барысында анықталады. Облыс тұрғындарын тәртіпті сақтауға, уәкілетті органдардың талаптарын орындауға, жалған хабарламаларды елемеуге және ресми ақпарат көздерін ғана басшылыққа алуға шақырамыз. Бұл – пабликтердің иелеріне де қатысты айтылған сөз. Олар да ақпарат орналастырған кезде сенімді мәліметтерге жүгінуі керек», – дейді СҚО ПД басқармасының басшысы Руслан Мұхамбетжанов. Оның айтуынша, көп жағдайда жалған ақпарат таратудың салдары не болатынын ойлай бермейді. Сол себепті расталмаған деректерді таратуға құмар келеді».

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру