Жалған полицей қазақстандықтардың атынан несие рәсімдеп алған
Екібастұз полицейлері Қарағанды облысы Саран қаласының полициясы жариялаған іздестіруде жүрген Петропавл қаласының 25 жастағы тұрғынын ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция жалған полицейге қатысты сотқа дейінгі тергеуді жүргізуде. Ұсталғаннан кейін полиция Екібастұз қаласының аумағында жасалған алаяқтық фактілерін анықтады.
– Осы жылдың сәуір айында күдікті Екібастұз қаласында өзін полиция қызметкері ретінде таныстырып, несие бойынша берешегін тексеру сылтауымен жәбірленушінің құжаттарын бейнетүсірілім және суретке түсіріп алып, сол арқылы құжаттардың көшірмелерін алды. Жәбірленуші банктердің бірінде оған 140 мың теңге сомасында несие ресімделгенін білгенде дабыл қақты, – деп хабарлады Павлодар облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Полиция мұндай қылмыстық схема жүйелі болғанын атап өтті. Ұсталған кезде күдікті ер адам Қазақстанның басқа облыстарының (Қарағанды және Қостанай) аумағында осындай қылмыс жасағаны туралы мойындады.
– Қазіргі уақытта Екібастұз қаласында зардап шеккен екі адам анықталды. Мұндай заңсыз әрекеттер полицияның беделіне нұқсан келтіреді. Полицейлер ешқашан азаматтардан несие бойынша ақпарат сұрамайды, өйткені бұл мәселе біздің құзыретімізде емес. Естеріңізге сала кетейік, бөтен адамдарға өзіңіздің жеке деректеріңізді айтпаңыз, өзіңізді бейтаныс адамдарға суретке және бейне түсіруге жол бермеңіздер, – деп полиция қызметкерлері атап өтті.
Ұсталған адамға қатысты сот қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады. Қазақстан Республикасы ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.