Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жалған сайттар мен дропперлік: полицейлер жасөспірімдерге сақтық туралы ескертті

Павлодар облысында полицейлер жастар арасында қаржылық және цифрлық сауаттылықты арттыруға бағытталған профилактикалық іс-шара өткізді. Кездесу интернет-алаяқтық пен ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жасалатын қылмыстардың алдын алуға арналды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

 Біздің міндетіміз – тек ақпарат беру ғана емес, балаларды нақты қауіптерден қорғау. Қазіргі таңда киберқылмыскерлер жеңіл табыс уәде етіп, жасөспірімдерді заңсыз әрекеттеріне тартып жүр. Бірақ олар мұндай істердің салдарын жасырады. Бір ғана ойланбай жасалған қадам жасөспірімді жәбірленушіден қылмысқа қатысушыға айналдыруы мүмкін. Ал қылмыстық жауапкершілік 16 жастан басталады, – деді Екібастұз қалалық полиция бөлімінің криминалдық полиция бөлімінің бастығы Азамат Тоқымов.

Оның айтуынша, қаскөйлер көбіне достарының атынан хабарласып, "ағаға ақша аудару" немесе "қаражатты бұғаттан шығару" деген сылтаумен өзге адамның банк картасын пайдалануға итермелейді. Шын мәнінде, олар жасөспірімдерді заңсыз қаржылық операцияларға тартып, "дроппер" деп аталатын құқық бұзушыға айналдырады.

Оқушыларға алаяқтықтың кең таралған түрлері де түсіндірілді: жалған сайттар, фишинг, бот-банкирлер, криптовалютамен байланысты тұзақтар және жеке деректерді пайдалану арқылы жасалатын алдау схемалары.

Ведомство өкілдері еліміздің Қылмыстық кодексіне енгізілген жаңа 232-1-бапқа тоқталды. Ол бойынша "дропперлік" – қылмыстық жауапкершілікке тікелей тартылатын құқық бұзушылық ретінде белгіленді. Бұл бап банк шотына немесе төлем құралдарына заңсыз қол жеткізуді беру, сондай-ақ үшінші тұлғалардың мүддесіне заңсыз төлемдер мен аударымдар жасағаны үшін жауапкершілікті қарастырады.

– Дроппер – бұл бөтен шоттарға заңсыз мақсатта қол жеткізетін тұлға. Мұндай әрекеттер үшін жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған, – деп нақтылады Азамат Тоқымов.

Кездесу барысында оқушыларға жалған сайттарды ресми ресурстардан қалай ажыратуға болатыны, жеке деректерді неге жария етуге болмайтыны және күмәнді жағдайларда қандай әрекет жасау керектігі түсіндірілді. Полицейлер жастарды сақ болуға, өздерінің цифрлық деректерін қорғауға және алаяқтық белгілері байқалған сәтте бірден "102" нөміріне хабарласуға шақырды.

Мамандардың айтуынша, мұндай профилактикалық шаралар тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Цифрлық дәуірде киберқатерлерге қарсы тиімді күрес тек полицияның, қоғамның және ең бастысы – жас ұрпақтың өз қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауының нәтижесінде мүмкін болады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру