Жалған жұмыс беруші Павлодар қаласында ұсталды
Қарағандылық полицейлер ақпараттық технологиялардың көмегімен алаяқтық жасаған азаматты Павлодар қаласынан ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
8 қыркүйек күні Қарағанды қалалық Полиция басқармасына қарасты Теміржол полиция бөліміне 35 жастағы қала тұрғыны хабарласып, белгісіз біреудің арбауына түсіп, шығынға ұшырағаны туралы арызданған. Оған келтірілген шығын 16 мың теңгені құраған.
Аталған факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабына (Алаяқтық) сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Полиция қызметкерлері алаяқтың ақпараттық технологияларды пайдаланып, жымысқы ойын жүзеге асырғанын анықтады.
Белгісіз азамат өзін көлік фирмасының өкілі ретінде таныстырып, интернет арқылы жүргізушілер қажет етілетіндігі жөнінде хабарлама жариялаған. Бұл хабарлама жәбірленушіні қызықтырып, жұмыс берушіге хабарласқан.
Жұмысқа қабылдау үшін жұмыс беруші белгіленген формадағы медициналық анықтама, нарколог және психолог дәрігерлерінің анықтамаларын талап еткен. Алайда осы құжаттарды жинау процесін жеңілдетіп беретіндігін айтып, есепшотына 16 мың теңге ақша аударуын сұраған.
Жәбірленушіге ұсыныс ұнағандықтан жалған жұмыс берушінің шотына ақша аударған. Ал ақшаны алған белгісіз азамат хабар-ошарсыз кеткен.
10 қараша күні Теміржол полиция бөлімінің криминалдық полиция қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Павлодар қаласынан осы іске қатысы бар деген күдікпен 30 жастағы күдікті ұсталып, ол қылмысын мойындады.
Қазіргі таңда күдіктінің осыған ұқсас сегіз қылмыс жасағаны анықталды. Тергеу амалдары жалғасуда. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.