Жалғызбасты әйелдің жүрегіне жол тапқан күдікті оған 1 млн теңгедей шығын келтірген
Қарағандылық полицейлер танысының құны шамамен миллион теңге тұратын мүлкі мен ақшасын алып кеткен ұрыны ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Өткен жылдың 27 желтоқсанында Теміртау қаласының Шығыс полиция бөліміне 49 жастағы жергілікті тұрғын жүгінген.
Жәбірленуші әйел өз мәлімдемесінде жақында танысқан ер адамның оның пәтерінен күзен ішігі мен құны 600 мың теңгеден асатын алтын бұйымдарын алып кеткенін және оның ұялы телефонындағы банктің қосымшасын пайдаланып, белгісіз шотқа 200 000 теңгеден астам ақша аударып алғаны туралы айтып шағымданды.
Бұл факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабымен (Ұрлық) бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Полиция қызметкерлері мән-жайды нақтылау кезінде жәбірленуші әйелдің бұл адаммен танысу сайтында танысқанын анықтады. Әйелдің жүрегіне жол табуды шебер меңгерген күдікті оның сеніміне кірген.
20 қаңтарда Теміртау қаласының полицейлері осы қылмысты жасаған 48 жастағы ер адамды ұстады. Күдікті кінәсін мойындап, ұрланған заттар иесіне қайтарылды.