Жамбыл облыстық ПД бастығы коммуналдық қызмет өкілдерімен кездесті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Тараз қаласында 2 наурыздан бастап күшіне енетін "Құқық бұзушылықтардың профилактикасы туралы" жаңа заңды іске асыру мәселелеріне арналған кездесу өтті. Іс-шараға пәтер иелері кооперативтері мен меншік иелері бірлестіктерінің төрағалары, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты.
Жамбыл облысы полиция департаментінің бастығы Қайсар Сұлтанбаев құқық бұзушылықтардың алдын алудың тиімді жүйесін қалыптастыру полиция, әкімдік және кондоминиум нысандарын басқару органдарының өзара тығыз әрі үйлесімді іс-қимылына негізделуі тиіс екенін атап өтті.
Кездесу барысында қатысушыларға заңнамадағы негізгі жаңашылдықтар жан-жақты түсіндірілді. Сонымен қатар пәтер иелері кооперативтері мен меншік иелері бірлестіктері төрағаларының өкілеттіктерін нақтылау мәселесіне ерекше назар аударылды.
Жиын барысында асоциалды тұлғалар жиналатын "проблемалы" пәтерлерді анықтаған жағдайда қолданылатын іс-қимыл алгоритмдері де талқыланды. Бұдан бөлек, учаскелік инспекторлармен жедел байланыс орнату үшін мессенджерлердегі үй чаттарын тиімді пайдалану, ұрлықтың алдын алу шаралары, бейнебақылау камералары мен домофондарды қолдану, сондай-ақ тұрмысы қолайсыз отбасылармен өзара іс-қимылды күшейту мәселелері қарастырылды.
Кездесу қорытындысы бойынша бірлескен мониторингтік топтар құру, ортақ рейдтік іс-шаралар жоспарын бекіту және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандыру бағытында нақты шешімдер қабылданды.
Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері қызмет етіп келеді.