Жамбыл облысы ПД ардагерлер мен балалар үйінің тәрбиеленушілеріне концертке билеттер сыйлады
Жамбыл облысы ПД «Баласағұн» орталық концерт залында өткен отандық эстрада жұлдыздарының гала-концертіне қарттарға, балаларға және тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдер қауымына билеттер тарту етті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицейлер билеттерді ішкі істер органдарының ардагерлеріне, №1 Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қарттарына, өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілеріне, облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық жәбiрленушiлерiне әлеуметтік көмек көрсету орталығының әйелдеріне табыс етті. Сондай-ақ полиция департаменті көрермендердің концерт залына жайлылықпен жетуі үшін арнайы автобустармен тасымалдау ұйымдастырды.
ПД бастығының бірінші орынбасары Құрмет Мәжікенов ардагерлермен бірге болу үшін №1 Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына арнайы барды. Сондай-ақ полиция полковнигі қазiргi уақытта 160 адамға әлеуметтік қызмет көрсетiп жатқан орталықтың жұмысымен танысып, қарттардың жағдайларын қарап шықты.
Ал ПД бастығының орынбасары Қанат Сматов өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілерімен бiрге барды. ІІО ардагерлеріне ПД бастығының орынбасары Бауыржан Үдергенов, ал әйелдерге ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесінің аға инспекторы Диляфруз Кенжеханова жауапты болды.
– Бүгінгі ән кешi бәрімізге ұнады, күнделікті бірқалыпты күндерімізді бiр серпiлтiп, керемет көңіл-күйімізді көтерді. Полиция департаменті басшылығына бiздерге қамқорлық көрсететiнi үшін зор алғысымды білдіргім келеді, – деді №1 Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қамқоршысы Бағдат Сатилов.
Айта кетейік, мұндай іс-шаралар Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармониямен, А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ, орыс драма театрларымен бірлесіп жүйелі түрде өткізіліп тұрады.