Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жамбыл облысы ПД бастығының жеке қабылдауы өтті

Жамбыл облысы ПД бастығының жеке қабылдауы өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы Арманбек Баймурзин азаматтарды жеке мәселелері бойынша кезекті қабылдау өткізді. Кездесу барысында 13 адам өз өтініштері мен шағымдарын білдірді. Олармен әрбір мәселені мұқият талқылады.

Мысалы, Тараз қаласының 54 жастағы тұрғыны күйеуінің Қазақстан азаматтығын алғысы келетінін айтты. Ал 49 жастағы облыс орталығының тағы бір тұрғыны алимент өндіріп алуға байланысты шағыммен жүгінді. Бұл мәселелер заңнамаға сәйкес жақын арада шешілетін болады.

Азаматтар түрлі сұрақтармен келді, олардың көпшілігі алаяқтық деректеріне қатысты болды. Тұрғындар негізінен қаржылық алаяқтардың құрбаны болады. Көп жағдайда бейтаныс адамдардың жалған уәделеріне сеніп, қомақты қаражаттарын беріп жатады. Арманбек Хакимбекұлы тұрғындарды сақ болуға, тексерілмеген ақпаратқа, жеңіл жолмен келетін ақшаға және түрлі айла-амалдарға сенбеуге шақырды.

Сондай-ақ, азаматтар қылмыстық істерді тергеу кезінде полиция қызметкерлерінің әуреге салатыны туралы шағымданды. Барлық істерді мұқият зерделеп, ПД бастығы жауапты қызметкерлерге бірқатар тапсырмалар берді. Өткен жылдан бастап елімізде өкілеттіктері нақты бөліне отырып, сот төрелігінің үш буынды моделі енгізілді. Енді қылмыстық процеске полиция, прокуратура және сот жауап беретін болады.

Тұрғындар, сонымен қатар құқықтық сауалдар бойынша да кеңес ала алды.

Барлық өтініштер ПД бастығының жеке бақылауына алынды, Жамбыл облысы Полиция департаментінің басқармалары мен аудандық полиция бөлімдерінің бастықтарына нақты тапсырмалар берілді.

– Полицияның сервистік моделіне көшу аясында апта сайын өткізілетін мұндай қабылдаулар өзекті мәселелердің шешімін табуға, құқық бұзушылыққа жол беретін қандай да бір себептерді жоюға ықпал етеді. Ел Президентінің тапсырмасы бойынша Полиция департаменті халықпен сенімді байланыс орнатуды одан әрі дамытып, нығайта беретін болады, – деп атап өтті А. Баймурзин.

Жеке қабылдауға 8 (7262) 57-58-54 номері бойынша жазылуға болады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру