Жамбыл облысы ПД-да саптық жиын өтті
Жамбыл облысы ПД қызметкерлері жұмыс аптасын гимнмен бастайды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жамбыл облысы полиция департаментінде әр апта дәстүрлі түрде Мемлекеттік гимнді орындаумен басталады. Бұл – Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан бастама. Оның мақсаты – полиция қатарында қызмет ететін азаматтардың бойында патриоттық рухты күшейту, қызметтік тәртіп пен жауапкершілік сезімін арттыру.
Мемлекеттік гимн – тек еліміздің егемендігін білдіретін рәміз ғана емес, сонымен қатар тәртіп сақшыларына заңдылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі басты миссияларын еске салатын рухани белгі. Әрбір саптық жиын ішкі істер органдары қызметкерлерінің ел алдындағы парызы мен міндетін айқындайтын салтанатты рәсімге айналып отыр.
Гимн орындалғаннан кейін Жамбыл облысы ПД бастығы Бақытжан Малыбаев қызметтік міндеттерін адал атқарған, ерекше көзге түскен полиция қызметкерлерін марапаттады. Атап айтқанда, 17–18 маусым күндері Астанада өткен "Орталық Азия — Қытай" саммиті барысында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде жоғары кәсіби біліктілік көрсеткен тәртіп сақшыларына алғыс білдірілді.
Солардың қатарында Тараз қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының взвод командирі Абзал Құрманов ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің Алғыс хатымен марапатталды.
Сонымен қатар ҚР Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің бұйрығымен 21 полиция қызметкері ведомстволық марапаттарға ие болса, тағы 27 басшылық және қатардағы қызметкерге арнаулы атақтар табысталды.
Саптық іс-шара барысында жеке құрамның сыртқы келбеті, киім үлгісінің талаптарға сәйкестігі, қызметтік куәліктерінің болуы және қызметке жалпы дайындық деңгейі тексерілді.
Жиын соңында салтанатты сап түзеу шеруі өткізіліп, полиция қызметкерлері күнделікті қызметтеріне кірісті.
Ішкі істер органдарының басты қағидасы өзгеріссіз — халыққа адал қызмет ету, заңдылықты сақтау және қазақстандық полицей атағын зор жауапкершілікпен алып жүру.