Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жамбыл облысы полиция департаментінің музейі жаңа экспонаттармен толықты

Жамбыл облысы полиция департаментінің музейі жаңа экспонаттармен толықты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мерекесі қарсаңында Жамбыл облысы полиция департаментінің мұражайына Ұлы Отан соғысының және ішкі істер органдарының ардагері милиция капитаны Ислам Досановтың қызы Наталья Хлюстова барды.

Ардагердің қызы музейге соғыстан кейін Жамбыл облысы ІІБ мемлекеттік автоинспекциясында полиция капитаны атағына дейін жұмыс істеген әкесінің суреттері мен пайдаланған жеке заттарын сыйға тартты.

Ислам Досанов 1917 жылы 18 мамырда Қазақ КСР Жамбыл қаласында дүниеге келген.

Ұлы Отан соғысы басталған кезде аға лейтенант шеніндегі қызыл әскер Ислам Досанов 124-ші танк бригадасының құрамында соғысқан. Бригада 1941 жылы 22 қыркүйекте Ленинград майданында КСРО Халық Қорғаныс комиссарының директивасы негізінде 24-ші танк дивизиясы мен 198-ші моторлы дивизиясы 146-шы танк полкінің базасында құрылды.

Танк бригадасының жауынгерлік жолы Ленинградтан Волхов майданына дейін болды. Жауынгер И.Досанов соғыстан 1946 жылдың сәуір айының басында Кеңестік Арктиканы азат ету шайқастарына қатысқаннан кейін оралды.

Майдангер-танкист "Батылдығы үшін", "1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Германияны жеңгені үшін", "Ленинградты қорғағаны үшін", "Кеңестік Арктиканы қорғағаны үшін" жауынгерлік медальдарымен, "1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 20 жылдығы", "1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 30 жылдығы" мерейтойлық медальдарымен, "Еңбек ардагері" еңбек медалімен, "КСРО ІІМ милиция үздігі" төсбелгісімен марапатталған.

Соғыс ардагері және тәртіп сақшысы Ислам Қашқарұлы 1978 жылы желтоқсанда 61 жасында қайтыс болды. И.Досановтың отбасында ата ерлігін мақтанышпен дәріптейтін 16 немере мен 18 шөбере тәрбиеленуде.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру