Жамбыл облысында 130 жүргізуші жауапқа тартылды
Жамбыл облысында полицейлер автокөліктерді заңсыз жабдықтау және жанар-жағармайды заңсыз әкетуге қарсы күрес жүргізуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жамбыл облысы полиция департаментінің қызметкерлері жанар-жағармай материалдарын ел аумағынан тыс жерлерге әкетуге жол бермеу бойынша рейдтік іс-шаралар жүргізуде.
Полиция қызметкерлері тиісті рұқсатсыз қосымша жанармай бактарын орнату жолымен көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзу деректерін анықтауға ерекше назар аударуда.
– Көлік құралының конструкциясына заңсыз өзгерістер енгізу жол қозғалысының қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Осындай бұзушылық жасағаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабының 7-бөлігі бойынша (Тиісті рұқсатсыз қайта жабдықталған көлік құралын басқару) 58 980 теңге сомасында айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілік қарастырылған, - деп атап көрсетті Жамбыл облысы ПД бастығының орынбасары Бауыржан Жанаев.
Рейдтер басталғаннан бері осы бап бойынша 130 жүргізуші жауапкершілікке тартылды. Заңсыз жабдықталған көліктер бұзушылықтар жойылғанға дейін арнайы тұраққа қойылды.