Жамбыл облысында 16 тоннадан астам жабайы қарасора жойылды
Жамбыл облысында екі айдың ішінде 16 тоннадан астам жабайы қарасора жойылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
1 маусымнан бастап «Қарасора – 2023» республикалық кең ауқымды жедел алдын алу іс-шарасы басталды. Құрамында есірткі бар өсімдіктерді заңсыз өсіруді анықтау, есірткі дақылдары мен транзитін жою, сондай-ақ есірткі таратуға маманданған ұйымдасқан қылмыстық топтардың әрекетінің жолын кесу мақсатында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлерімен тиісті іс-шаралар жүргізіп жатыр.
Өңірде ауыл шаруашылығы техникасын тарта отырып, есірткі құралдарын жою жөніндегі көшпелі комиссия құрылды.
2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарды орындау мақсатында Жамбыл облысының аумағында 22 гектар құмды аумақта жабайы өсетін қарасораны шабу жолымен екі ай ішінде жалпы салмағы 16 тонна 500 келі қарасора тұқымының өсімдігі жойылды. Құрамында есірткі бар жабайы өсімдіктердің заңсыз егістері мен өсетін жерлері анықталған жағдайда азаматтар, құқық қорғау органдарына дереу хабарлау қажет.