Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жамбыл облысында 20 жүргізуші 7 жылға көлік басқару құқығынан айырылды

Жамбыл облысында 20 жүргізуші 7 жылға көлік басқару құқығынан айырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz

Биылғы жылдың 9-11 қарашасы аралығында Жамбыл облысының аумағында қоғамдық тәртіпті сақтауға, қоғамдық орындар мен көшелердегі қылмыстардың алдын алуға және жолын кесуге бағытталған «Құқықтық тәртіп» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді.

Полиция қызметкерлері саяжайларды, қараусыз қалған ғимараттарды, тұрғын үйлердің шатырлары мен жертөлелерін тексерді. Жастар мен кәмелетке толмағандардың қадағалаусыз қалу деректерінің, қоғамға жат әрекеттер жасауының жолын кесу мақсатында олардың көп баратын орындарын, базарлар мен басқа да сауда орындарын, қолайсыз отбасыларды, сондай-ақ азаматтық қару иелерін аралау жүзеге асырылды.

3 күн ішінде полиция қызметкерлері үш мыңға жуық құқық бұзушылықты тіркеді. Ішкі істер органдарының есебінде тұрған екі мыңнан астам адам тексерулермен қамтылды. Олармен құқыққа қайшы әрекеттер жасауға жол бермеу туралы профилактикалық әңгімелер жүргізілді.

«Құқықтық тәртіп» ЖПІШ басталғалы тіркелген 33 қылмыстың 16-сы ізі суымай ашылды. Тіркелмеген қаруды сақтаудың 11 дерегі анықталды. Осы уақыт ішінде тіркеусіз тұрғаны үшін 600-ден астам азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Көші-қон заңнамасын бұзудың 158-ден астам дерегі анықталды.

– Бұдан басқа, патрульдік полиция батальонының қызметкерлері облыс аумағында жедел-алдын алу іс-шараларын өткізу кезінде алкогольдік ішімдік ішкен 20 жүргізушіні анықтап, ұстады. Медициналық сараптаманың қорытындысына сәйкес олардың барлығы мас күйінде болған. Оларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 1-бөлігі (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. Бұл 15 тәулікке қамауға алуға және жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруға әкеп соғады, – деді Жамбыл облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Серік Алдибеков.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру