Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жамбыл облысында 4 мың тоннаға жуық қарасора шабылды

Жамбыл облысында 8 тоннадан астам есірткі заты тәркіленді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Жамбыл облысында 1 маусым мен 31 қазан аралығында "Қарасора-2025" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді.

Аталған кезеңде полиция қызметкерлері 272 есірткі құқық бұзушылығын анықтады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 69 дереккке көп.

Заңсыз айналымнан 8 тонна 587 килограмм түрлі есірткі заты тәркіленді. Оның ішінде:

4 тонна 179 келі – кептірілген марихуана,

4 тонна 248 келі – каннабис өсімдігі,

29 кг – гашиш,

9 келіден астам – синтетикалық есірткі.

Жыл басынан бері Шу аңғарынан еліміздің басқа өңірлеріне есірткі тасымалдаудың 16 арнасы анықталды. Арнайы операциялар барысында 485 кг-нан астам марихуана мен 129 кг гашиш тәркіленіп, 18 адам ұсталды.

Полиция департаменті синтетикалық есірткілердің таралуына қарсы күреске ерекше назар аударуда. Іс-шара барысында 8 күдікті ұсталып, заңсыз айналымнан 9 келіден астам синтетикалық заттар тәркіленді.

Сонымен қатар Ресей Федерациясының екі азаматы синтетикалық есірткі өндіретін жерасты зертхананы ұйымдастырғаны үшін ұсталды. Тінту кезінде 8 келі мефедрон, 2 тоннадан астам прекурсор және арнайы құрал-жабдықтар анықталды.

Полиция қызметкерлері құрамында 6 адамнан тұратын ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметін тоқтатты. Олар трамадол дәрілік препаратын заңсыз сату және таратумен айналысқан.

Іс-шара барысында жалпы ауданы 6 417 гектар жердегі жабайы өсетін 3 919 тоннадан астам қарасора алқабы шабылып, жойылды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 3,5 есе көп.

Жамбыл облысы полиция департаменті басшылығының мәлімдеуінше, есірткі айналымына қарсы күрес пен оның алдын алу – ведомство қызметінің басым бағыттарының бірі және қатаң бақылауда тұр.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру