Жамбыл облысында 45 жасөспірім профилактикалық есепке алынды
Жамбыл облысында 45 жасөспірім профилактикалық есепке алынды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жамбыл облысында кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау мақсатында полиция қызметкерлері білім беру ұйымдары мен қоғамдық орындарда профилактикалық шараларды күшейтті. Құқық қорғау органдары ата-аналар мен балаларға, сондай-ақ есепте тұрған азаматтарға ерекше назар аударуда.
Осы бағыттағы жұмыстар аясында анықталған оқиғалардың бірі – 38 жастағы әйелдің өзіне бекітілген төрт баласын бірнеше рет бөтен адамдар мен көршілерге қалдырып кеткені белгілі болды. Бұған қоса, анасының спирттік ішімдіктерді жиі пайдаланатыны анықталды.
Алғаш рет әйел 2024 жылдың қараша айында балаларының мектепке жиі бармауы салдарынан полиция назарына іліккен. Кезекті рет ол балаларын кездейсоқ танысының үйіне тастап кеткенде, полиция қызметкерлері дереу әрекет етіп, балаларды отбасынан алып, кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырды.
Аталған факті бойынша анасына ата-аналық міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды. Қазіргі уақытта оның ата-аналық құқықтарын шектеу мәселесі кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның отырысында қаралуда.
Жалпы, "Жасөспірім" республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы аясында 11 күн ішінде 27 қолайсыз отбасы мен 45 жасөспірім профилактикалық есепке алынды. Рейдтік іс-шаралар нәтижесінде 956 кәмелетке толмаған бала полицияға жеткізіліп, 986 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді. Оның ішінде ата-аналық міндеттерін дұрыс атқармаған 94 жағдай мен 21 жасқа толмағандарға алкоголь өнімдерін сатқан 10 кәсіпкер анықталды.
Жамбыл облысының полиция департаменті тұрғындарды балаларға немқұрайлы қарамауға, оларға қатысты зорлық-зомбылық пен қатыгездік деректерін байқаса, дереу құқық қорғау органдарына хабарлауға шақырады. Балалардың амандығы – баршамыздың ортақ жауапкершілігіміз.