Жамбыл облысында 57 лауазымды тұлға жолдарды дұрыс күтіп ұстамағаны үшін жауапқа тартылды
Жамбыл облысында 57 лауазымды тұлға жолдарды дұрыс күтіп ұстамағаны үшін жауапкершілікке тартылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 2025 жылдың алғашқы екі айында Жамбыл облысының жол-техникалық инспекциясы қызметкерлері жалпы ұзындығы 5 мың шақырымды құрайтын көлік жолдарында 668 тексеру жүргізді.
Тексерулер нәтижесінде облыс аумағындағы автожолдардан 2709 ақау анықталды. Жол мекемелерінің басшылары мен жергілікті атқарушы органдарға бұл кемшіліктерді жою жөнінде 668 ұйғарым жіберілді.
Жамбыл облысы полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасының бастығы Азамат Бақытұлы атап өткендей, жолдарды қанағаттанарлықсыз күтіп ұстау және жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етпеу бойынша 57 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар жол-техникалық инспекциясының нұсқамаларын орындамағаны үшін, автомобиль жолдарын күтіп ұстауға жауапты жеке мердігерлік мекемесінің лауазымды тұлғасы ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 462-бабының 3-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды.