Жамбыл облысында биыл кәмелетке толмағандардың қатысуымен жасалған қылмыстар азайған
Жамбыл облысында биыл кәмелетке толмағандардың қатысуымен жасалған қылмыстар азайған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу тиімділігін арттыруға бағытталған іс-шаралар кешенін жүзеге асырды.
Мәселен, 2024 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша кәмелетке толмағандардың қатысуымен жасалған қылмыстарда 6,78%-ға төмендеу тіркелді. Қылмыс түрлері бойынша бөтеннің мүлкін ұрлау, мал ұрлау, алаяқтық, тонау және көліктерді ұрлау деректері төмендеген.
Ішкі істер органдарына түрлі құқық бұзушылықтар үшін 7055 кәмелетке толмаған бала жеткізілді, 393 жасөспірім және 170 тұрмысы нашар отбасы есепке алынды.
Бірнеше рет құқық бұзушылық жасағаны үшін 20 кәмелетке толмаған бала девиантты мінез-құлықты балалар мен жасөспірімдерге арналған арнайы мектепке орналастырылды, 51 заңды өкіл ата-ана құқықтарынан айырылды немесе шектелді.
Жастар мен жасөспірімдердің шоғырлану орындарын тексеруге бағытталған 1812 рейд жүргізілді, оның барысында 10930 әкімшілік хаттама толтырылды.
Сонымен қатар түнгі уақытта балаларды қараусыз қалдырғаны үшін – 5952, оқудан жалтарғаны, қаңғыбастық пен қайыр сұрағаны үшін – 670, ұсақ бұзақылық жасағаны үшін – 115 ата-ана мен заңды өкіл жауапқа тартылды. Барлығы 246 жасөспірім кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды.
Сондай-ақ полиция қызметкерлері білім беру ұйымдарында жиі түсіндіру әңгімелерін жүргізуде. Тәртіп сақшылары жол қауіпсіздігі, балалар жарақаты, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс, буллинг және құқық бұзушылықтың алдын алудың өзге де мәселелеріне ерекше назар аударды.