Жамбыл облысында бұқаралық іс-шараларды өткізу тәртібі күшейтілді
Жамбыл облысында мәдени-бұқаралық және спорттық іс-шараларды өткізу кезінде қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мәселелеріне арналған кеңес өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жамбыл облысы полиция департаментінің бастамасымен мәдени-бұқаралық және спорттық іс-шаралар кезінде қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мәселелері талқыланған кеңес өтті.
Жиынға облыс және қала әкімдіктерінің өкілдері, сондай-ақ жеке күзет ұйымдарының басшылары қатысты. Кеңес барысында бұқаралық іс-шараларда қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге жеке күзет құрылымдарын тарту тетіктері және барлық жауапты органдардың өзара іс-қимылын үйлестіру мәселелері қаралды.
ПД күзет қызметін бақылау бөлімінің бастығы Серік Әлдібеков қауіпсіздік саласындағы бірлескен жұмысты күшейту азаматтардың қорғалу деңгейін арттыратынын атап өтті.
Сондай-ақ білім беру ұйымдарындағы күзет қызметін ұйымдастыруға қойылатын жаңа талаптар түсіндіріліп, қауіпсіздіктің жаңа стандарттарын сақтау, әсіресе балалардың өмірі мен денсаулығын қорғауда маңызды екені айтылды.
