Жамбыл облысында екі айда 169 жол-көлік оқиғасы тіркелді
Екі айдың ішінде Жамбыл облысының аумағында 169 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Бұл туралы Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы Арманбек Баймурзин өзінің Facebook-тегі жеке парақшасында жазды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда облыста жол-көлік оқиғасының саны 19,9%-ға жоғарылаған. Ал онда қаза тапқандардың саны 20,8%-ға, жарақат алғандар – 27,5%-ға артқан. Бұл – алаңдатарлық статистика.
Жүргізілген талдау нәтижелері көрсеткендей, көлік апаттарының 99 пайызы жүргізушілердің кінәсінен орын алған. Көлік жүргізушілері көп жағдайда жылдамдықты асырады немесе рульде ұйықтап кетеді. Сондай-ақ, жолдың белгіленбеген бөлігінен немесе бағдаршамның тыйым салынған белгісінен кесіп өтетін жаяу жүргіншілер де ережені жиі бұзады, осылайша олар өз денсаулығы мен өміріне қауіп төндіруде.
ПД бастығы жамбылдық полицейлермен жол-көлік апаттарының алдын алу, жүргізуші тәртібінің деңгейін арттыру мақсатында тұрақты түрде “Автобус”, “Қауіпсіз жол”, “Балалардың жолдағы қауіпсіздігі”, “Құқықтық тәртіп” жедел-профилактикалық іс-шаралары жүргізіліп жатқанын атап өтті. Жол апатының орын алуына жол жағдайының сапасыздығы да себеп болуда. Осыған байланысты Полиция департаменті жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, 2 627 шақырым жолды қамти отырып, облыстың автомобиль жолдарына 424 тексеру жүргізді. Нәтижесінде, 1 771 ақау анықталып, кемшіліктерді жою бойынша нұсқама берілді. 33 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
– Жоғарыда келтірілген статистиканың артында жақынынан айырылған адамдар тұрғанын ұмытпайық. Ең бастысы – жол қозғалысы ережесін сақтаңыз. Есіңізде болсын, жол – қателікті кешірмейді, – деп жазды Арманбек Баймурзин.