Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жамбыл облысында есірткіге қарсы марафон өтті

Байзақ ауданында жастардың салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған "Біз есірткісіз өмірді қалаймыз" ұранымен кең ауқымды спорттық шара ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Игі бастаманы Жамбыл облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы, Байзақ ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі және "Нығмет нұры" қоғамдық бірлестігі бірлесе жүзеге асырды.

Шараның негізгі қатысушылары – мектеп оқушылары, студенттер мен белсенді жастар. Бағдарлама аясында армрестлинг, гир көтеру және арқан тарту сынды спорт түрлері бойынша жарыстар өтті. Жас спортшылар жеңіске деген жігер танытып, белсенділік пен өзара қолдаудың жарқын үлгісін көрсетті.

Көпшіліктің ерекше қызығушылығын тудырған сәт – кинологиялық қызмет мамандарының көрсетілімдері болды. Қызметтік иттер есірткі заттарын іздеу, із кесу және шартты құқық бұзушыны ұстау дағдыларын паш етті.

Жарыс нәтижесінде армрестлингтен Аманжан Шамшиев бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орын – Олжас Ізтілеуовке, үшінші орын – Нұрсерік Дуланға бұйырды.
Гир көтеру жарысында жеңіс тұғырынан Шерзат Ералиев көрінді. Елдос Баймаханбет күміс жүлдені иеленсе, Арун Кавазов қола медальға қол жеткізді.

Ал арқан тарту сайысында "Сарыкемер" командасы топ жарды. Екінші орынды – "Абай" командасы, үшінші орынды "Кеңес" командасы еншіледі.

Барлық жеңімпаз арнайы құрмет грамоталарымен және ақшалай сертификаттармен марапатталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру