Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жамбыл облысында есірткіге қарсы ұранмен студенттік спартакиада өтті

Жамбыл облысында есірткіге қарсы ұранмен студенттік спартакиада өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.

М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінде “Есірткіге қарсы” ұранымен студенттік спартакиада өтті. Іс-шараны Жамбыл облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы, университет ұжымы, қалалық жастар ресурстық орталығы және “Жеңіс” тұлғаны трансформациялау орталығы бірлесе ұйымдастырды.

Спартакиада тек спорттық жарыс қана емес, зиянды әдеттердің таралуының жолын кесуге назар аудартуға бағытталған әлеуметтік науқанның бір бөлігі болды.

– Бүгінде спорт бәрімізді – мектеп оқушыларын, студенттерді және белсенді азаматтарды біріктіреді. Біз жастардың өмірде дұрыс таңдау жасауына осы арқылы көмектесе аламыз деп сенеміз. Ойын мен командалық рух арқылы қатысушыларға нағыз күш – денсаулықта, тәртіп пен спортты таңдауда екенін еске салдық, – деді Жамбыл облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының міндетін атқарушы Асқар Жұмабеков.

М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Аслан Турлыбек мұндай іс-шаралар студенттердің спортқа, салауатты өмір салтына және заңға бағынуға байланысты берік құндылықтарын қалыптастыруға ықпал ететініне сенім білдірді.

Жарыс қорытындысы бойынша 1-орынды “Экономика және құқық” факультетінің командасы, 2-орынды “Жаратылыстану ғылымдары” факультетінің командасы, 3-орынды “Ду Юниверс” командасы иеленді.

Жеңімпаздар мен қатысушылар кубоктармен, медальдармен және естелік дипломдармен марапатталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру