Жамбыл облысында есірткінің ірі партиясын сату әрекеті тоқтатылды
Жамбыл облысында есірткінің ірі партиясын сату әрекеті тоқтатылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жамбыл облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы жедел ақпаратты іске асыру барысында Тараз қаласында көрші елдің 30 жастағы азаматын ұстап, оның заңға қайшы әрекетін алдын алды.
Жеке тінту кезінде күдіктінің шалбарының қалтасынан салмағы 2 грамм 11 миллиграмм болатын "A-PVP" синтетикалық есірткісі табылды.
Одан әрі оның тұрғылықты мекенжайына жүргізілген тінту барысында залдағы кереуеттің астынан салмағы 166,09 грамм "A-PVP" есірткі заты салынған пакет анықталып, тәркіленді.
Сонымен бірге құқық қорғау органдары сату мақсатында пайдаланылған айғақ заттарды — өлшеуіш электрондық таразыларды және шамамен 1500 дана zip-пакетті қолға түсірді.
Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 168 грамнан асады, бұл заңнамаға сәйкес аса ірі көлем болып есептеледі.
Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды.
Қазіргі уақытта есірткіні жеткізу арналары мен оның ықтимал сыбайластарын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жалғасып жатыр.
