Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жамбыл облысында кадет сыныбының оқушысы автоматты 10 секундта бөлшектеп, жинады

Жамбыл облысында кадет сыныбының оқушы қызы автоматты 10 секундта бөлшектеп, жинап полицейлерді таңғалдырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жамбыл облысы бойынша Байзақ ауданының Бурыл ауылындағы №6 орта мектеп базасында ҚР ІІМ бастамасымен құқық қорғау бағытындағы «Жас сақшы» кадет сыныбы жұмысын бастады. Оған Халық қаһарманы, полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың есімі берілді.

Бұл сынып қосымша білім беру бағдарламасы бойынша жұмыс істейді және онда осы мектептің 8-11 сынып оқушылары білім алады.

Жобаның бастамашысы Жамбыл облысы ПД бастығының орынбасары Қанат Сматов бастаған полиция қызметкерлері курсанттарға тәлімгерлік етеді.

– Ішкі істер министрінің тапсырмасы бойынша қазір облыс аумағында қазақстандық батырлардың есімдері берілген кадет сыныптарын ашып жатырмыз. Жалпы, кадет сыныптарының құрылуы мен жұмыс істеуі өскелең ұрпақты патриотизм рухында тәрбиелеуге, балалардың құқықтық дүниетанымын, жоғары рухани-адамгершілік және моральдық-психологиялық қасиеттерін қалыптастыруға ықпал етеді, – деді Қанат Сматов.

Оқушыларға арнайы мектеп формасы тігіліп, оқу бағдарламасы әзірленіп, бекітілді. Қосымша пәндердің қатарына құқық негіздері, саптық және медициналық дайындық, қаруды бөлшектеп шашып жинау, эстетикалық және патриоттық тәрбие беру жатады.

Салтанатты рәсім Гимнді орындаудан басталды, содан кейін кадет сыныбының оқушылары өздерінің шеберліктерін, саптық дайындықтарын және арнайы дайындалған шығармашылық нөмірлерін көрсетті. Сондай-ақ осы сыныптың оқушысы Калашников автоматын шашып-жинаудың 13 секундта орындалатын нормативін 10 секундта орындап, ерекшеленді.

Іс-шара ант қабылдау және куәліктер тапсырумен аяқталды.

Жиналған қонақтар курсанттарды құттықтап, олардың көбі болашақта полиция қызметкерлерінің қатарын толықтырып, заң мен тәртіп күзетінде болатынына сенім білдірді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру