Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жамбыл облысында мас күйде жүк көлігін басқарған шетелдік жүргізуші анықталды

Жамбыл облысында «Қауіпсіз жол» рейдтік профилактикалық іс-шарасы барысында полиция қызметкерлері 15 мас жүргізушіні анықтады, олардың арасында шет мемлекеттің азаматы да бар, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Батыс Еуропа – Батыс Қытай республикалық маңызы бар автожолында ПД патрульдік полиция батальонының инспекторлары Mercedes Benz жүк көлігінің қауіпті жүріспен келе жатқанын көреді. Полиция көлік құралын тоқтатып, жүргізушінің құжаттарын тексергенде жүргізушінің Түркия мемлекетінің азаматы екенін анықтап және одан алкогольдің иісі шығып тұрғанын байқаған.

Сараптама нәтижесі жүргізушінің алкогольдік масаң күйде екенін растады. Сот шешімімен жүк көлігінің жүргізуші 15 тәулікке қамаққа алынып, 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылды. Ауыр жүк көлігі арнайы айыптұраққа қойылды.

Іс-шараның екі күнінде полицейлер 2938 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Олардың басым бөлігі белгіленген қозғалыс жылдамдық тәртібінің бұзылуы бойынша 922 дерек тіркелді. Көлік құралын басқару құқығынсыз жүргізген 12 жүргізуші, маневр жасау ережелерін бұзған 184 жүргізуші, қауіпсіздік белдіктерін пайдалану талаптарын сақтамаған – 205, көлік рөлінде телефон арқылы сөйлескен – 110, бағдаршамның тыйым салатын белгісіне өтіп кеткен – 39, апатты жағдай жасағаны үшін 19 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Белгіленбеген жерден жолды кесіп өткені үшін 441 жаяу жүргіншіге айыппұл салынды. Арнайы айып тұраққа 41 автокөлік қойылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру