Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жамбыл облысында мемлекеттік тіркеу нөмірін жасырған жүргізушілер ұсталды

Жамбыл облысында мемлекеттік тіркеу нөмірін әдейі жасырған жүргізушілер жауапкершілікке тартылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Жамбыл облысында "Жалған нөмір" жедел-алдын алу іс-шарасы аясында полиция қызметкерлері мемлекеттік тіркеу нөмірлерін заңсыз өзгерту және жалған нөмірлерді пайдалану деректерін анықтады.

Атап айтқанда Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық автожолында Daf жүк көлігінің жүргізушісі мемлекеттік тіркеу нөмірінің бір әрпін майлықпен жауып алғаны белгілі болды. Жүргізуші бұл әрекетке ақылы жол үшін төлем жасамау, сондай-ақ бейнебақылау жүйелерінде жол қозғалысы ережесін бұзу деректерінің тіркелуінен жалтару мақсатында барған.

Сонымен қатар жедел іс-шара барысында тағы бір Daf жүк көлігінің жүргізушісі жауапкершіліктен жалтару үшін мемлекеттік тіркеу нөмірін арнайы техникалық құрылғы арқылы троспен әдейі жасырып алғаны анықталды.

Аталған фактілер бойынша жүргізушілерге қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 590-бабының 4-бөлігіне сәйкес әкімшілік іс қозғалды. Сот шешімімен құқық бұзушылар бір жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылып, тиісінше бес тәулікке және екі тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Бұдан бөлек, жедел-алдын алу іс-шарасы барысында тоқтатылған Alphard автокөлігінің мемлекеттік тіркеу нөмірінің жалған екені анықталды. Сондай-ақ бұл көліктің өткен жылы есептен шығарылғаны белгілі болды.

Аталған өрескел құқық бұзушылық бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабының 4-бөлігіне сәйкес, жүргізушіні бір жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырып, әкімшілік қамауға алу жазасы қарастырылып отыр. Іс материалдары сотқа жолданды.

Жамбыл облысы полиция департаменті мемлекеттік тіркеу нөмірлерін әдейі жасыру, өзгерту немесе жалған нөмірлерді пайдалану ауыр әкімшілік құқық бұзушылық болып саналатынын ескертеді. Сондай-ақ азаматтарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және заң талаптарын бұзбауға шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру