Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жамбыл облысында мереке қарсаңында жасөспірімдерге профилактикалық жұмыстар жүргізілуде

Жамбыл облысында мереке қарсаңында жасөспірімдерге профилактикалық жұмыстар жүргізілуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.     

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Жамбыл облысы полиция департаменті кәмелетке толмағандардың қатысуымен болатын құқық бұзушылықтар мен оқыс оқиғалардың алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмыстарды күшейтті. Аталған бағыттағы алдын алу жұмыстары тәуекелдерді талдау мен өткен жылдардағы тәжірибені ескере отырып, жүйелі түрде жүргізілуде.

Өткен жылы облыстың бір ауданында жасөспірімдер тобы жаңа жылды ересектердің қатысуынсыз атап өтуді шешіп, петардалар қолданып, көңіл көтеру бейнероликтерін түсірген. Кейін жасөспірімдердің бірі қолынан күйік алып, тағы екеуі уланып, мереке жедел жәрдем шақырумен аяқталды. Осындай фактілердің алдын алу мақсатында бірқатар профилактикалық іс-шаралар жүзеге асырылып жатыр.

Ювеналдық полиция қызметкерлері әкімдіктер мен білім беру органдарының өкілдерімен бірлесіп, ойын-сауық орындарында, жалдамалы пәтерлерде және сауда нысандарында рейдтік іс-шаралар өткізуде. Бұл жұмыстардың мақсаты — кәмелетке толмағандарға алкоголь өнімдері мен пиротехникалық бұйымдарды сату фактілерін анықтау және жолын кесу.

Мектептер мен колледждерде "Қауіпсіз Жаңа жыл" тақырыбында тәрбиелік іс-шаралар ұйымдастырылуда. Оның аясында оқушылар мен ата-аналарға қолдан жасалған пиротехникалық бұйымдарды пайдалану, алкогольдік ішімдіктерді тұтыну және бос уақытты бақылаусыз өткізу салдарынан туындайтын қауіптер түсіндіріледі.

Қолайсыз отбасылардан шыққан балалармен және профилактикалық есепте тұрған жасөспірімдермен жеке түсіндіру жұмыстары күшейтілді. Оларға психологиялық қолдау көрсетіліп, бірлескен мәдени және мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылуда.

— Біздің басты мақсатымыз — жазалау емес, қорғау. Біз жасөспірімдердің қателікке бой алдырмауына жол бермеуді және мерекенің өкінішті жайларға себеп емес, қауіпсіз әрі ғажап естеліктер қалыптастыратын уақыт екенін көрсетуді көздейміз. Бұл мәселеде полиция ата-аналардың серіктесі ретінде әрекет етеді, — деп атап өтті Жамбыл облысы ПД ҚҚБ бастығының орынбасары Алишер Қалышев.

Осыған байланысты полиция қызметкерлері ата-аналарды жасөспірімдерді назардан тыс қалдырмауға, олардың араласатын ортасына, мерекелік жоспарларына, сондай-ақ жаңа жылды қандай жағдайда қарсы алатынына көңіл бөлуге шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру