Жамбыл облысында ПД бастығы белсенді азаматтарды марапаттады
Жамбыл облысында ПД бастығы белсенді азаматтарды марапаттады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жамбыл облысы полиция департаментінің бастығы Бақытжан Малыбаев құқық бұзушылықтың алдын алу және отбасындағы зорлық-зомбылықты болдырмау бағытында белсенділік танытқан азаматтарды марапаттады. Бұл шара ҚР Ішкі істер министрлігінің "Профилактика жылы» және "Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан" республикалық акциясы аясында ұйымдастырылды.
Марапатталғандар қатарында қоғамдық тәртіпті сақтауға өз үлесін қосқан еріктілер, жастар ұйымдарының мүшелері, ақсақалдар кеңесінің өкілдері және білім саласының мамандары бар. Олардың барлығы полициямен тығыз байланыста жұмыс істеп, қоғамдағы құқық бұзушылықтың алдын алуға атсалысып келеді.
- Сіздердің әрқайсыңыздың атқарған істеріңіз – бұл тек қызметтік міндет емес, нағыз адамдық пен жанашырлықтың үлгісі. Біздің қоғамда ешбір адам, ешбір отбасы зорлық-зомбылық құрбаны болмауы тиіс. Осы жолда бірлесе жасаған әрбір қадамымыз – қауіпсіз әрі әділетті қоғамға бастар жол. Бүгінгі марапат – әрқайсыңыздың қажырлы еңбегіңіз бен халықпен бірлесіп жұмыс жасаудағы шынайы ниеттеріңіздің айғағы. Сіздермен бірлесе атқарған жұмысымыз арқылы отбасылық құндылықтарды қорғап, зорлық-зомбылықсыз болашақ қалыптастыра аламыз, – деді ПД бастығы Бақытжан Малыбаев өз сөзінде.
Бұл марапаттау шарасы қоғам мен құқық қорғау органдары арасындағы серіктестікті нығайтып, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған ортақ мақсаттарды жүзеге асыруда маңызды қадам болып табылады.