Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жамбыл облысында ПД бастығы Сарысу ауданының тұрғындарымен кездесті

Жамбыл облысында ПД бастығы Сарысу ауданының тұрғындарымен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жамбыл облысы полиция департаментінің бастығы Қайсар Сұлтанбаев Сарысу аудандық Мәдениет үйінде жергілікті тұрғындармен кездесу өткізді.

Кездесуге аудан әкімі мен ардагерлер кеңесінің төрағасы, ауыл ақсақалдары, қоғам белсенділері, жастар және өзге де әр түрлі сала өкілдері қатысты. Жүздесуге өңірдің 500-ден астам тұрғыны жиналды.

Тұрғындар құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты бірқатар өзекті мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, тұз өндіру кәсіпорны тарапынан болуы мүмкін заң бұзушылықтар, кейбір аумақтарға бейнебақылау камераларын орнату, мас күйдегі адамдарға арналған арнайы орын ашу, сондай-ақ автожолдың бойында үй жануарларының қараусыз жүруі сөз болды.

Кездесуден кейін ПД бастығы азаматтарды жеке қабылдап, тұрғындар құзырлы органдардың араласуын қажет ететін мәселелерді жеткізді, сондай-ақ қоғамдық іс-шараларды өткізуге қолдау көрсетуді сұрады.

Қайсар Сұлтанбаев әрбір өтінішті мұқият зерделеуге уәде беріп, тиісті полиция бөлімдеріне қолданыстағы заңнама аясында нақты шаралар қабылдауды тапсырды.

Ауданда 50 жылдан астам уақыт тұрып келе жатқан қария тұрғындардың бірі ПД бастығына халықтың мәселелеріне тікелей көңіл бөлгені үшін алғысын білдіріп, ашық диалогтың маңызын атап өтті.

— Біз ашық әрі шынайы әңгімеге дайынбыз және халықтың үнін естуге әрдайым әзірміз. Еститін мемлекет қағидаты — формалдылық емес, азаматтардың өтініштеріне дер кезінде жауап беріп, олардың мәселелеріне ден қоюға бағытталған міндет. Тек бірлесіп қана өңірдегі тәртіп пен қауіпсіздікті нығайта аламыз, — деді ПД бастығы.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру