Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жамбыл облысында полицейлер балаларға жаңа жылдық тосын сый жасады

Жамбыл облысында полицейлер балаларға жаңа жылдық тосын сый жасады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жаңа жыл қарсаңында Жамбыл облысы Полиция департаменті арнайы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілері үшін "Бір баланың арманын орында" атты жүрекке жылу сыйлайтын қайырымдылық акциясын ұйымдастырды.

Балалар Аяз атаға өздерінің ең асыл армандарын жазды. Бүлдіршіндердің жазбаларында техника мен виртуалды шындық құрылғылары, ойыншықтар мен кітаптар, көйлектер мен косметика, спорттық киімдер мен құрал-жабдықтар, тарихи және көркем әдебиеттер туралы тілектер болды.

Хаттардың бірінде болашақта полиция қызметкері болу және осы жолда алғашқы қадам жасауға көмектесетін дайындық кітаптарына ие болу туралы ерекше арман жазылған.

Бұл хаттар жауапсыз қалған жоқ. Акцияны департамент басшылығынан бастап, қарапайым қызметкерлерге дейін барлық бөлім қызметкерлері бір кісідей қолдады.

Нәтижесінде балалардың бірде-бір тілегі орындалмай қалған жоқ. Хаттарда жазылған барлық сыйлық сатып алынды.

Сыйлықтарды мереке қарсаңында полиция департаментінің бастығы Қайсар Сұлтанбаев балаларға жеке өзі табыстады.

Армандары орындалған балалардың қуанышы шынайы әрі ерекше болды.

Мұндай игі бастамалар шынайы көңіл мен адами жанашырлықтың балаларға үміт сыйлап, олардың әлемін жарық ете алатынын тағы бір мәрте көрсетеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру