Жамбыл облысында полицейлер Бауыржан Момышұлы ескерткішіне гүл шоқтарын қойды
Жамбыл облысында полицейлер Бауыржан Момышұлы ескерткішіне гүл шоқтарын қойды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жамбыл облысы полиция департаментінің қызметкерлері ел үшін жанын қиған қаһармандардың рухына тағзым ретінде гүл шоқтарын қою рәсімін өткізді. Бұл іс-шара мемориалдық кешендерді ұдайы күтімде ұстау және қызметтік міндетін атқару барысында қаза тапқан сақшылардың ерлігін еске алу мақсатында ұйымдастырылды.
Салтанатты рәсімге кәсіби шеберлігімен көзге түскен полицейлер мен ішкі істер органдарының ардагерлері қатысты. Олар Жеңіс саябағындағы Бауыржан Момышұлы мемориалдық кешеніне және сол маңдағы Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлерге арналған ескерткіш тақталарға гүл шоқтарын қойды. Шара барысында бейбіт өмір үшін жанын пида еткен әріптестердің ерлігі еске алынып, олардың рухына құрмет көрсетілді.
Осындай тағылымды дәстүр Жамбыл облысы бойынша барлық қалалық және аудандық полиция бөлімшелерінде тұрақты түрде жалғасын таппақ. Бұл – ұрпаққа үлгі, ерлікке тағзым.