Жамбыл облысында полицейлер мектеп оқушыларына ашық есік күнін ұйымдастырды
"Заң мен тәртіп" қағидаты аясында полиция қызметкерлері білім бөлімімен бірлесіп, 7–10 сынып оқушыларына арналған "Ашық есік күні" іс-шарасын өткізді. Кездесуге 120 оқушы қатысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кездесудің негізгі мақсаты — жасөспірімдердің құқықтық сауатын арттыру, заң мен қоғамдық тәртіпке құрмет сезімін қалыптастыру, сондай-ақ патриоттық құндылықтарды нығайту.
Мұндай іс-шаралар өскелең ұрпақтың жауапкершілік сезімін дамытып, ішкі істер органдарындағы қызметке қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.
Іс-шараның практикалық бөлімінде оқушыларға қызметтік автокөліктер, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету кезінде қолданылатын арнайы құралдар мен жабдықтар көрсетілді.
Полиция қызметкерлері бөліністердің күнделікті жұмысы, атқаратын міндеттері және қызметке үміткерлерге қойылатын талаптар туралы кеңінен айтып берді. Оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, нақты жауап алды.

Сонымен қатар жасөспірімдерге заңнама нормалары, құқық бұзушылық жасағаны үшін жауапкершілік және оқу орнында, қоғамдық орындарда тәртіп сақтаудың маңызы түсіндірілді.
