Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жамбыл облысында полицейлер мен чемпиондар жасөспірімдермен профилактикалық кездесу өткізді

Жамбыл облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жасөспірімдер арасында есірткіге қарсы тұрақты теріс көзқарас қалыптастыру және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында профилактикалық кездесулер өткізуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шара өңірге танымал спортшылардың қатысуымен ашық диалог форматында ұйымдастырылды. Жасөспірімдер алдында басқарма қызметкері және ММА бойынша Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері, AIGA нұсқасы бойынша грэпплингтен Азия чемпионы, халықаралық турнирлердің жеңімпазы, IFL және TFC лигаларының чемпионы, Жамбыл облысының бірнеше дүркін чемпионы Нұрсұлтан Ынтызарбек сөз сөйледі.

Сонымен қатар кездесуге AIGA бойынша грэпплингтен үш дүркін әлем чемпионы, бес дүркін Азия чемпионы, ҚР үш дүркін чемпионы, 2025 жылғы AIGA Әлем кубогының иегері Иса Нұрзат, Жамбыл облысының ММА бойынша аға жаттықтырушысы, "Жамбыл облысының үздік жаттықтырушысы" атағының үш дүркін иегері Ерлан Сембеков және өзге де атақты спортшылар қатысты.

Кездесу барысында полиция қызметкерлері жасөспірімдерге есірткі заттарын пайдаланудың зияны мен қауіпті салдарын жан-жақты түсіндірді, сондай-ақ заңсыз өткізу, сақтау, тасымалдау, насихаттау және жарнамалау үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылатынын ескертті.

Сондай-ақ ҚР Қылмыстық кодексіне енгізілген күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымына қатысты өзгерістерге ерекше назар аударылды. Аталған құқық бұзушылықтар үшін 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Спортшылар өздерінің жетістіктерге жету жолындағы тәжірибелерімен бөлісіп, табысқа тек тәртіп, мақсатқа беріктік және зиянды әдеттерден бас тарту арқылы қол жеткізуге болатынын айтты. Ашық форматтағы әңгіме жасөспірімдердің қызығушылығын оятып, олар белсенді түрде сұрақ қойып, пікір алмасты.

Кездесу соңында ең белсенді қатысушыларға «Есірткісіз болашақ» деген жазуы бар футболкалар мен бейсболкалар табыс етілді.

Аталған профилактикалық іс-шара жастардың берік өмірлік ұстанымдарын қалыптастыруға, құқықтық мәдениетін арттыруға және өз болашағына жауапкершілікпен қарауына бағытталған.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру