Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жамбыл облысында полицейлер мен еріктілер есірткі жарнамасына қарсы күресті күшейтті

Жамбыл облысында полицейлер мен еріктілер есірткі жарнамасына қарсы күресті күшейтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Жамбыл облысында есірткі қылмысына қарсы күрес қарқынды жүргізілуде. Тараз қаласында облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы, "Amanat" партиясы жанындағы "Жастар рухы" жастар ұйымы және еріктілердің қатысуымен кезекті акция өтті. Шара барысында қала көшелеріндегі ғимараттар қабырғасына жазылған есірткіні насихаттайтын граффити жазулар жойылды.

Акция аясында еріктілер мен полиция қызметкерлері мөлтек аудандар мен жеке секторды аралап, есірткі жарнамасы бар жазуларды анықтап, оларды бояп немесе жуып кетірді. Көп жағдайда мұндай жазбалар тұрғын үйлердің қабырғаларында, қоршауларда, тіпті көлік гараждарында кездескен.

Сонымен қатар полиция қызметкерлері жергілікті кәсіпкерлермен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, дүкен иелерін және басқа да қоғамдық орын иелерін қырағылық танытып, күмәнді жазулар мен есірткі жарнамалаған тұлғаларды бірден хабарлауға шақырды. Акция нәтижесінде 50-ден астам граффити жазулар жойылды.

Полиция барлық тұрғындарды сақтыққа шақырып, есірткіге қатысты кез келген құқық бұзушылықты байқаса, 102 жедел арнасына немесе Narko Shekteu Taraz Telegram-ботына хабарлауды сұрайды.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 299-1-бабы бойынша есірткіні насихаттағаны немесе оны жарнамалағаны үшін 3 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сондай-ақ есірткі қоймаларын ұйымдастырушылар мен таратушылар да қатаң жауапкершілікке тартылады. Жыл басынан бері Жамбыл облысында осындай қылмысқа қатысты 5 адам ұсталды.

Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру