Жамбыл облысында полицейлер нысандардың қауіпсіздігіне бақылауды күшейтті
Жамбыл облысында полицейлер нысандардың қауіпсіздігіне бақылауды күшейтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жамбыл облысы полиция департаменті қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес қауіпсіздігі күшейтілген нысандардың қорғалу деңгейін жоспарлы тексерістер арқылы бақылауда ұстап отыр.
Барлық тексерулер алдын ала ескертусіз жүргізіледі, бұл нысандардың нақты қауіпсіздік деңгейін объективті бағалауға мүмкіндік береді.
Өткен жылдан бері Жамбыл облысы ПД қызметкерлері мемлекеттік, стратегиялық, қауіпті өндірістік және адамдар көп шоғырланатын 1375 нысанды тексеруден өткізді.
Тексеру нәтижесінде 900 нысанның меншік иелері мен басшыларына қауіпсіздік талаптарын орындау бойынша нұсқамалар берілді.
Қауіпсіздік талаптарын орындамаған немесе тиісінше қамтамасыз етпеген 40 нысан иесі жауапкершілікке тартылып, 350 объектіге шектеу шаралары енгізілді.
90 мыңнан астам қызметкермен профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, персоналдың әрекет ету дағдылары мен білім деңгейі тексерілді.
Полиция департаменті нысандарды инженерлік-техникалық қауіпсіздік құралдарымен жабдықтау міндетті екенін еске салады. Талаптар сақталмаған жағдайда тиісті шаралар қабылданып, қайталанған жағдайда нысан қызметі уақытша тоқтатылуы мүмкін.
Сондай-ақ нысандардың басшылары мен меншік иелерін қауіпсіздік шараларын уақтылы қабылдауға және заң талаптарын қатаң сақтауға шақырады
