Жамбыл облысында полицейлер қой ұрлығына күдікті азаматты ұстады
Жамбыл облысында полицейлер қой ұрлығына күдікті азаматты ұстады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Тұрар Рысқұлов ауданына қарасты Талды жайылымында орналасқан шаруашылық қожалығында мал ұрлығыболғаны туралы хабар түскеннен кейін, аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-1-бабы (Мал ұрлығы) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Полицияға ұсақ мал өсірумен айналысатын шаруашылық басшысы шағымданып, белгісіз біреулердің иелігіндегі 16 қой мен қозыны жасырын түрде ұрлап кеткенін мәлімдеді. Жедел-іздестіру шаралары барысында 33 жастағы күдікті азамат анықталып, қазіргі уақытта заттай айғақтарды тәркілеу жұмыстары жүргізілуде.- Мал ұрлығының негізгі себептерінің бірі — иелерінің жайылымды дұрыс ұйымдастырмауы, малды түнгі уақытта қараусыз қалдыруы және таңба салмауы. Мұндай жағдайда жануардың ұрланғанын дәлелдеу мен тану қиынға соғады. Көптеген мал иелері нақты қашан ұрлық болғанын көрсете алмайды, өйткені малдарын апталап жайылымда қараусыз қалдырып кетеді. Ал ұрлық туралы кеш хабарлауы қылмысты ашу процесін одан әрі күрделендіреді, — деді Т.Рысқұлов аудандық полиция бөлімінің бастығының міндетін уақытша атқарушы Жасұлан Таникеев.
Полиция тұрғындарды малдарының қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға, малды қараусыз жайылымға жібермеуге және жоғалған жағдайда бірден құқық қорғау органдарына хабарлауға шақырады. Себебі мұндай қылмыстарды дер кезінде хабарлау олардың "ізін суытпай" ашуға мүмкіндік береді.