Жамбыл облысында полицейлер синтетикалық есірткі тасымалдау әрекетін әшкереледі
Жамбыл облысында полицейлер синтетикалық есірткі тасымалдау әрекетін әшкереледі, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жамбыл облысында "Қарасора-2025" республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы аясында есірткі айналымына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері синтетикалық есірткіні тасымалдаған күдіктіні ұстады.
Жедел-іздестіру шаралары қызметтік ит Сэмнің көмегімен жүргізілді. Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық тасжолының 228-шақырымында Alphard автокөлігі тоқтатылды.
Тексеру барысында көліктің жолаушыларының бірінен жалпы салмағы 40 грамм 13 миллиграмм болатын синтетикалық есірткі – мефедрон табылып, тәркіленді. Белгілі болғандай, Шу қаласының тұрғыны бұл затты Алматы қаласына заңсыз жеткізбек болған.
Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігі (Есірткі құралдарын аса ірі мөлшерде заңсыз сақтау, тасымалдау немесе өткізу) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.