Жамбыл облысында полиция ата-аналарға маңызды үндеу жасады
Жамбыл облысында полиция жасөспірімдердің үйден кетуінің негізгі себептерін атады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кәмелетке толмағандардың үйден өз бетінше кетуінің алдын алу – профилактикалық жұмыстың маңызды бағыттарының бірі. Жамбыл облысында жыл басынан бері облыс аумағында осындай 260 дерек тіркелген.
Үйден кету жағдайларының ең көп бөлігі — 11-15 жастағы балалар арасында болған. Яғни осы жастағы жасөспірімдердің үйден кетуі бойынша 180 дерек тіркелген. Бұл – баланың белсенді түрде есейіп, мінезі мен көзқарасы қалыптасатын кезең. Мұндай уақытта балаға ересектердің түсінігі мен қолдауы ерекше маңызды.
16-17 жас аралығында жасөспірімдер бойынша 72 дерек, ал 6-10 жастағы балалар арасында 24 жағдай тіркелген.
Сондай-ақ 2-5 жас аралығындағы бүлдіршіндердің үйден кетуіне қатысты жекелеген оқиғалар да басым назар аударуды талап етеді.
Көп жағдайда балалардың үйден кетуі құқыққа қайшы ниеттермен емес, эмоциялық себептермен байланысты. Ең жиі себеп – отбасындағы жанжал. Бұл бағытта 104 дерек тіркелген.
Жекелеген жайларда себеп ретінде күрделі әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлар анықталған.
Кәмелетке толмағандардың басым бөлігі – 220 бала – мектеп оқушысы, 45-і колледж студенттері, ал 13 бала білім беру процесіне тартылмаған.
Мамандардың пікірінше, алдын алудың ең сенімді негізі – отбасындағы сенім атмосферасы, баланы тыңдай білу және оның мінез-құлқындағы өзгерістерді дер кезінде байқау тұрақты тұлға қалыптасуына үлкен көмек.
Полиция ата-аналарға балаларына қамқор болып, қолдау көрсетудің маңызды екенін еске салады.
