Жамбыл облысында полиция қызметкерлері арасында самбодан облыс біріншілігі өтті
Жамбыл облысында полиция қызметкерлері арасында самбодан облыс біріншілігі өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
"Динамо" спорт қоғамының 100 жылдығына орай Тараз қаласындағы "Динамо" спорт кешенінде самбо күресінен Жамбыл облысы полиция департаменті қызметкерлері арасында облыс біріншілігі өтті.
Жарысқа барлығы 15 команда – 68 спортшы қызметкер қатысты. Іс-шараның мақсаты — қызметкерлер арасында салауатты өмір салтын насихаттау және спорттық шеберлікті арттыру.
Салтанатты ашылу рәсімінде Жамбыл облысы ПД бастығының орынбасары Байжан Байгелді қатысушыларға сәттілік тілеп, жарысты ресми түрде ашық деп жариялады. Сонымен қатар ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Жамбыл облысы самбо күресі федерациясының президенті, Париж Олимпиадасының жеңімпазы Елдос Сметовтің жаттықтырушысы Ғалымжан Жылгелдиев жарысқа қатысушыларға өз ізгі тілектерін білдірді.
Сайыс жеті салмақ дәрежесінде өтті. Спортшылар керемет шеберлік пен жігер танытып, бәсеке тартысты өтті.
Командалық есеп бойынша жүлделі І орынды — Тараз қалалық ПБ, ІІ орынды — Қордай АПБ, ІІІ орынды Т.Рысқұлов АПБ жеңіп алды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер медальдармен, дипломдармен және кубоктармен марапатталды.