Жамбыл облысында ҚАЖД мекемесі аумағында жаңа өндіріс орындары іске қосылды
Жамбыл облысында ҚАЖД мекемесі аумағында жаңа өндіріс орындары іске қосылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жұмыс көздерін кеңейту және өндірістік әлеуетті арттыру мақсатында Жамбыл облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №25 мекеменің өндірістік аумағында орналасқан "Еңбек Тараз" РМК филиалының бұрын бос тұрған ғимараттары мен жер телімінде 2025 жылы ірі кәсіпкерлік субъектілері өз қызметін бастады.
Атап айтқанда, жеке кәсіпкер "Теңізбаев" былғары аяқ киім өндіру бағыты бойынша жалпы аумағы 450 шаршы метрді құрайтын өндірістік ғимарат салып, оны заманауи құрал-жабдықтармен толықтай қамтамасыз етті. Өндіріс орнында аяқ киім тігуге арналған 20 тігін машинасы, сондай-ақ аяқ киім табанын құюға арналған конвейерлік қондырғы орнатылды. Барлық технологиялық үдеріс қазіргі заман талаптарына сай ұйымдастырылған.
Аталған өндірісте қазіргі уақытта 63 сотталған азамат жұмыспен қамтылып, олар екі ауысымдық жүйе бойынша еңбек етуде. Сотталғандарды еңбекке тарту арқылы олардың кәсіби дағдыларды меңгеруіне, тұрақты табыс табуына мүмкіндік жасалуда. Бұл өз кезегінде еңбекке бейімделуге, әлеуметтік жауапкершілікті арттыруға және қоғамға қайта бейімделуге оң ықпал етеді.
Жоба өңірдің өндірістік дамуына серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын ашуға және отандық өнім көлемін арттыруға бағытталған. Сонымен қатар бұл бастама ҚАЖД мекемелерінің өндірістік әлеуетін тиімді пайдалануға, сотталғандарды жұмыспен қамту деңгейін арттыруға және кәсіпкерлік субъектілері мен мемлекеттік құрылымдар арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді.
